Алдыңғы күні бір сабаққа қатыстым. Сабақтан кейін жас мұғалимаға кері байланыс беріп, сабағын талдадық. Сол кері байланысты сіздерге де ұсынуды жөн көрдім. Мүмкін бір кәделеріңізге аз болса да жарап қалар деген оймен.

Алматы қаласы №Х мектептің бастауыш сынып мұғалімі Маржан апайдың сабағына берілген кері байланыс

2016 жылдың 19 қаңтар күні мектеп директорының орынбасары С. апай мен Маржан апайдың өзінен рұқсат сұрап, 1-сыныпта өткен «Ана тілі» сабағына қатыстым. Сабақ тақырыбы «Саяхат».
Топқа бөлу. Сыныптағы 23 оқушы алты топқа бөлінген.
Ұтымды жақтары. Бұл өте дұрыс, өйткені топ құрамында оқушылар саны 3-5 болғаны орынды, одан көп болған жағдайда топ ішінде отырған кейбір оқушылардың белсенді жұмыстан тыс қалуы ықтимал. 
Ұсыныстар. Мүмкін осы жерде әр топ басшыларын сайлатып немесе тағайындап, сабақ барысында топ жұмысының нәтижелерін солардан тілеп отырған орынды болар еді. Бұған қоса оқушыларға топ ішіндегі басқа да рөлдерді бөліп берген тиімді еді: спикер, уақыт қадағалаушы, сұрақ қоюшы, қолпаштаушы, т.б.
1-тапсырма. Оқушыларға «Тақырып бойынша не білгілерің келеді?» деген сұрақ қойылып, жауаптарды стикерлерге жазу тапсырылды. 
Ұтымды жақтары. Өте орынды сұрақ: осы арқылы сабақ мақсаты әр оқушы тарапынан айқындалып, сабақ барысы ерекше мән мен мағынаға ин болатындығы сөзсіз. Оқушылар үшін бұл сұрақтың қызық болғаны олардың асқан жауапкершілікпен тапсырманы орындағанынан байқалды. 
Ұсыныстар. Мүмкін осы жерде алдымен «Тақырып бойынша біз не білеміз?» деген сұрақты алдымен шағын топ құрамында (1 минут), ал содан кейін сыныппен (1 минут) талқылап алған дұрыс болар ма еді? Өйткені біраз оқушылардың жазғаны тақырып ауқымынан ауытқып (мысалы, өткен тақырып бойынша «Футбол», «Кім жеңеді?» деген жауаптар жазылды) немесе олар жалпылама жазды (кейбір оқушылар тек мемлекет аттарын келтірді: «Франция», «Испания», «Қытай»).
Немесе оқушылармен бірлесіп, түйін сөздерді айқындап, оларды тақтаға жазып қойған дұрыс болар ма еді? Мұндайда оқушылар үшін бағыт-бағдар беріліп, олардың тапсырманы табысты орындау мүмкіндігі өсе түседі. 
Жариялау. Оқушылар өз жауаптарын сыныпқа дауыстап оқып, стикерлерін қабырғаға ілді. 
Ұтымды жақтары. Әр балаға жауап беру мүмкіндігі берілді. Әр жауаптан кейін мұғалім оқушыларға жылы сөздер мен мақтау айтып, оларды демеп тұрды. Өте орынды әрекет! Оқушылардың жұмысқа деген ынтасы арта түскені анық байқалды. 
Ұсыныстар. Алайда осы нәтижеге бұдан да қысқа жолмен жетуге болар еді. Ол үшін оқушылар жазғандарын бір-біріне топ ішінде оқып беріп, тек өздері таңдаған бір оқушы ғана жазғанын бүкіл сыныпқа оқып беруіне болар еді. Мұндай топтық жұмыстан ұтатынымыз: 1) уақыт үнемдеу, 2) топ ішінде жауаптарды талқылау мүмкіндігі (оқушылар топта бір-біріне көмектесіп, жауаптарды бағалайды: «Қалай жазды? Ұнады ма? Неліктен ұнады?» сұрақтарына жауап іздейді).
Қалыптастырушы бағалау жасағанда мақтау лексиконын кеңейтіп, «Жарайсың!», «Тамаша!», «Керемет!», тіпті «Молодец!» сөздерінен басқа да сөздерді қолдану керек болар. Мұнда оқушылардың жауаптарына тілек айтқан да орынды болады, мысалы: «Өркенің өссін, шырағым!», «Жұлдызың жансын, құлыным!», «Мың жаса, асылым!». Бұған қоса оқушыларды ынталандыруда ишараларды қолданған дұрыс шығар, мысалы: біреудің басынан сипап, екіншісінің арқасынан қағып, үшінші оқушыға бас бармақты көрсетіп, төртіншіге қол соғып, бесіншіге күлімдеп, алтыншыға кішігірім сыйлық беріп, т.б. Мүмкін бастауыш сынып мұғалімдерінің қалтасы кәмпитке толы болуы керек шығар?
Тапсырма аяқталғаннан кейін мұғалім немесе оқушылар тарапынан оған қорытынды жасалып, «Біз тапсырманы қалай орындадық? Саяхатқа қалай шығамыз? Қайда саяхат жасаймыз? Қалай саяхат жасаймыз? Кіммен? Немен? Бұл тапсырма бізге не берді?» деген сұрақтарды талқылау орынды болар еді.
Түйін. 1) Сабақ басында мақсатты айқындап, оны оқушы тұрғысынан, оқушы тарапынан нақтылап алған дұрыс. 
2) Тапсырма берілген соң, оның қалай орындалу керектігін талқылаған орынды. 1-2 минуттық талқылау тапсырманың дұрыс орындалуының кепілі болуы ықтимал.
3) Қалыптастырушы бағалауда жылы сөздердің қорын молайтып, оқушыларды ынталандыруда тілек айту мен ишараларды, сыйлық беруді қолдану керек шығар.
4) Тапсырма соңында оның қалай орындалғанын және нәтижелерін талқылаған дұрыс.
2- тапсырма. Оқушыларға «Сөйлемдерді толықтырып жаз» тапсырмасы берілді.
Ұтымды жақтары. Мұғалім тапсырманы жақсы түсіндірді: әр оқушы берілген 4 сөйлемді толықтыруы керек. Тапсырма Блум таксономиясы бойынша «Білім» деңгейінде болмай (мысалы, дайын жауабы бар сөйлемдер) «Қолдану» деңгейінде болғаны дұрыс болды: «Пойыз ... жүреді. Ұшақ .... ұшады», т.б. Тапсырма жазылған карточкаларды кезекшілердің таратқаны өте жақсы! 
Ұсыныстар. Мүмкін тапсырманы түсіндіріп болғаннан кейін оқушылардан тапсырманы қалай түсінгенін қайталай сұраған орынды болар ма еді: «Алдияр, сонымен не жасау керек? Тапсырманы қалай орындаймын деп ойлайсың?» деп.
Кезекшілерге әрі қарай сабақ барысында оқушыларды ұйымдастыратын басқа тапсырмалар берілуі керек. Оқушылардың өзін-өзі басқаруын жүзеге асырудың ұтымды амалы – топ көшбасшылары мен кезекшілерді сыныпты басқару жұмысына тарту. Осы арқылы әр оқушы көшбасшы болып, жолдастарын тәртіп пен өзін-өзі ұйымдастыруға, реттеуге үйрету ісіне өз үлесін қосар еді.
Оқушыларға тапсырманы қанша уақыт ауқымында жасау керектігін айту қажет шығар.
Тапсырманы оқу. Мұғалім оқушылардан «Балалар, аяқтадыңдар ма?» деп сұрап, жеке оқушылар жауаптарын сыныпқа оқыды. 
Ұтымды жақтары. Әр жауаптан кейін ол «Балалар, келісесіңдер ме?» деп сұрап отырды. Әр жауаптан кейін оқушылар қол шапалақтап, бірін-бірі шынайы түрде демеп отырды. Бұл әрекетті сыныпта оқушылар арасында позитивті қарым-қатынастың орын алғанының айғағы деп түсінуге болады.
Алайда оқушылардың біреуі (немесе топтық бірі) жауап бергенде, мұғалімге қойылатын ең басты сұрақ мынандай болуы керек шығар: «Біреу жауап бергенде, қалған оқушылар не істеп отырды?». Басқалар жай отырып, тек тыңдаумен шектелмеу үшін оларға кері байланыс беру тапсырмасын ұсынған дұрыс: «Қазір Бақыт жауап береді, ал Сәуле оның қалай жауап бергенін талдайды!», «Серік жауап береді, ал Қаламқас оның жауабының ұтымды жақтарына тоқталып, қай жерін жақсартуға болатындығын айтуға дайындалсын!», «Бірінші топ жауап беріп болған соң, екінші топ оларға «2 жұлдыз және бір ұсыныс» тәсілі көмегімен кері байланыс береді!», т.с.с. 
Мүмкін бұл тапсырманың орындалуын топ ішінде жариялауға да, тексеруге де болар еді. Оқушылар топ құрамында жазғандарын бір-біріне оқып, жауаптарды толықтырып, қателерін түзетіп отырар еді. 
Апай оқушыларды өзі түзеп отырды. Оқушыларға топ ішінде бір-бірінің жұмыстарын, тексеру және түзеу тапсырмаларын жиі беріп отырған жөн. Осы жұмыстан кейін балалар өз әрекеттерін қорытындылап, нәтижесімен бүкіл сыныппен бөлісуі орынды.
Түйін. 1) Кез келген сұраққа жауап пен кез келген тапсырманы орындау бірлескен әрекеттер арқылы (топтық немесе жұптық жұмыс) жүзеге асырылғаны дұрыс.
2) Бір оқушы немесе топ жауап бергенде басқалары белсенді әрекет жасауы үшін оларға кері байланыс беруге дайындалуды тапсыру керек.
3) Оқушыларға бір-бірінің жұмыстарын топ ішінде тексеріп, түзету мүмкіндігін беру керек. Бұл жұмыста оларға бағалау критерийлері жазылған кестелерді ұсынған дұрыс болады.
3-тапсырма. Оразақын Асқардың бір шумақ өлеңін оқу. 
Ұтымды жақтары. Оқушылар өлеңді оқығанда сынып ішінде қабырғаға қарап оқып, ал кейбіреулері тіпті сыныптан шығып кетіп оқыды. Бұл – тамаша жұмыс болды! Олар қайтып оралғаннан кейін мұіалім «Өлеңді неше рет оқыдыңдар?» деп сұрады. Оқушылардың жауаптарына мұғалім тарапынан мақтау айтылып жатты. Төрт оқушы тіпті өлең шумағын жатқа айтып берді. Ол оқушыларды мұғалім жұлдызшалармен марапаттады. Өте ұтымды тәсіл! 
Осыдан кейін сөздік жұмыс басталды. Мұғалім оқушыларға «саяхат» сөзінің орыс және ағылшын тілінде қалай айтылатынын сұрады. Жауап алынғаннан кейін апай оқушыларға «Киелі» сөзін қалай түсінесіңдер?» деп сұрап, оқушылардың түсінігін айқындады.
Ұсыныстар. Мүмкін сөздік жұмысты мәтінді бір оқығаннан кейін жүргізу керек пе еді? Сонда оқушыларға оқып отырған өлеңнің мағынасы түсініктілеу болар ма еді? Екіншіден, оқу мен жатқа айту жұмысын топ ішінде орындау орынды болар еді, өйткені бұл жағдайда оқушылардың барлығы дерлік оқу жіне жатқа айту мүмкіншілігіне қол жеткізер еді. Үшіншіден, олар топ ішінде бір-біріне кері байланыс беріп, жұмыс сапасын талқылап отырар еді.
Мүмкін бұл жерде мәселе өлеңді жаттап алуда болмай, оқушылардың саяхат туралы не ойлайтындары және осы өлеңді оқығанда қандай ой, идеялар мен көңіл-күй пайда болғанын талқылауда болар? Осында оқушыларға мынандай сұрақтар қойып, топ ішінде талқылау ұйымдастырған дұрыс па еді: «Өлеңді қалай түсіндіңдер? Неліктен «есек мінген есеп» жасайды, ал «атқа мінген бапты» деп жазылған? Неге «түйеге мінген киелі»? Ал сендер осы көліктердің қайсысымен жүріп көрдіңдер? Олардың қайсысын таңдайсыңдар? Неліктен? Қайда саяхат жасар едіңдер? Онымен Францияға жетуге бола ма? Ал Қытайға ше?». 
Соңында тағы да бұл тапсырманың нәтижелерін қорытындылау қажет болған тәрізді: «Сонымен балалар бұл өлеңнен не білдік? Кім қалай жұмыс жасады? Ең жақсы жұмыс жасаған қай топ (немесе оқушы) болды? Сәлима, саған кімнің жауабы ерекше ұнады? Неліктен?».
Түйін. 1) Сөздік жұмысты мәтінмен танысқаннан кейін іле-шала жүргізген орынды болады. Сонда оқушылар үшін түсінуге қиын сөздер болмас еді.
2) Әдеби мәтінді оқығанда басты мақсат оның мәтінімен танысу немесе жаттау емес. Мақсат - әдеби мәтінді оқығанда оқушыларда қандай ой, түсінік, сезім пайда болғанын анықтау, сонымен бөлісу.
4-тапсырма. Оқушыларға ребус жасау ұсынылды. Әр топ «пойыз», «ұшақ», «кеме», «автобус», «машина», «велосипед» сөздерін жасыру керек.
Ұтымды жақтары. Бұл жұмыс шағын топ құрамында жасалды. Блум таксономиясының «Жинақтау» деңгейінде. Оқушыларға қатты ұнады: топтар жұмысқа қызу кірісті. Мұғалім сыныпты аралап, оқушыларға көмектесіп, ақыл-кеңес беріп жатты. Оқушылар ребус жасауға жақсы машықтанған, мұны олардың жұмысты тыңғылықты жасауынан көруге болады. 
Ұсыныстар. Тапсырма мақсатын айқындап алу керек еді, өйткені бұл тапсырманың «Саяхат» тақырыбын ашуға қандай қатысы бар екендігі қараусыз қалды. Мүмкін бұл тапсырманы орындау оқушыларды «саяхат жасау» ұғымынан алыстатып жіберген де шығар? Мүмкін ребус жасаудың орнына оқушылардың қиялын, фантазиясын дамытатын сұрақтар төңірегінде слайд пен видео, фотолар мен суреттерді қолданып, жұмыс жасату керек болар ма еді: «Қайда және қалай саяхат жасағыларың келеді? Оны қалай жасайсыңдар? Ол саяхаттың жоспарын жасаңдар, схемасын сызыңдар. Саяхатқа кімді, нені аласыңдар? Саяхаттан қандай естелік алып қалар едіңдер?».
Түйін. 1) Тапсырма мақсатын айқындап, ол тапсырманың сабақ тақырыбын (немесе мақсатын) ашуға қалайша көмектесетіндігін нақтылау қажет.
2) Көмекші құралдар көмегімен (видео, фото, слайд, сурет, т.б.) оқушылардың қиялын дамыту тапсырмаларын ұсыну керек.
Постерлерді қорғау. Бір топ өз постерін тақта алдына шығып, қорғады.
Ұтымды жақтары. Оқушылар ребусты қалай құрастырғандарын айтып берді. Оқушыларға өздерінің қалай үйренетіндігі (метатаным) немесе ойланатындығы (метаойлау) туралы осындай тапсырмаларды жиі беріп тұрған орынды. Бұл олардың ойлау деңгейін дамытып, рефлексиялау дағдыларын қалыптастырады.
Ұсыныстар. Бірінші топ қорғағанда, қалған топтар не істеп отырды? Қорғау кімге бағышталды, оқушылар кімге жауап айтты? Бүкіл сыныпты талдау жұмысына жұмылдыру үшін алдымен постерлерді жинап алу керек еді; екіншіден, басқа топтарға кері байланысты дайындау тапсырмаларын беру керек еді: сұрақ қою, «жұлдыздар» айту, ұсыныс беру, қорытындылау, т.б. Үшіншіден, барлық топтардың жұмысымен танысу үшін постерлерді сағат тілі бойынша бір топтан екінші топқа жылжытып, стикерлерге кері байланыс жазуды ұсынған дұрыс болар. Жұмыс соңында оқушылардың өздеріне қорытынды жасауды тапсыру қажет еді.
Түйін. 1) Постерлерді қорғауда кері байланыс беру тапсырмасын ұсыну керек.
2) Постерлерді қорғау тапсырмаларын түрлендіру қажет.
Сабақты бағалау. Оқушылар сабақты саусақтарымен бағалады: жоғары көтерген болса – сабақ ұнады, т.б.
Ұтымды жақтары. Оқушылардың барлығы саусақтарын жоғары көтерді. Мұғалім оқушылардың бүгін қарқынды түрде жұмыс жасағанын айтты.
Ұсыныстар. Мүмкін бір-екі оқушыдан неліктен саусақтарын жоғары көтергенін түсіндіріп, дәлел келтірулерін сұрау керек. Қабырғаға жапсырылған стикерлерге қайта оралып, оқушылардың өз мақсаттарына жеткен-жетпегенін талқылауды ұйымдастырған дұрыс болар еді.
Түйін. Оқушылар сабақты неліктен осылайша бағалағанын талдап, бірнеше дәлел келтіруі керек. Бұл жұмыста «Дұрыс жауап беру жеткіліксіз. Оны дәлелдеп беру керек» деген қағиданы ұстанған жөн.
Қорытынды. Маржан апай жас болса да (колледж аяқтағаннан кейін жұмыс жасап жүргеніне бірінші жыл ғана), өзін білікті мұғалім ретінде көрсете білді. Мұғалімнің ең басты қасиеті мейірім болу керек тәрізді. Маржан апайда осы мейірімнің кең молынан бар екендігіне көзім жетті. Ол кісі оқушыларға бір рет те даусын көтермеді, ылғи да түсіндіру жұмыстарымен айналысып, әр оқушымен жұмыс жасауға тырысып отырды.
Маржан апайдың дауыс ырғағы да құлаққа жағымды. Интонацияның 4 түрі бар: дос, ментор (үйретуші, тәлімгер), сиқыршы, генерал. Ұстаздың оқушылармен жасаған қарым-қатынастағы интонациясы 80%-ға дос болып, тек 20% ғана қалған үш мазмұнда болуы керек. Сабақта Маржан апай негізінен «Дос» интонациясын ұстанды. Нәтижесінде сынып оқушылары өздерін сабақта емін-еркін ұстап, кез келген мәселе мен жұмысты өздігімен жасап, шеше алатындығының дағдыларын көрсете білді. Олардың арасында жасандылықтың еш табы да көрініс таппады. Кейде оқушылар сабаққа қатысып отырғандардан тайсақтап, оларды «комиссия» деп түсініп, бойларын жаза алмай отырады емес пе? Бұл сыныпта ондай әдет қалыптаспаған екен: оқушылар бізден именбей, тіпті бізді байқамағандай, өз жұмыстарына қызу араласып отырды.
Сабақтағы оқушылардың ынтымақтастығы да жоғары деңгейде. Мен бір-біріне қабақ шытып, ренжіген кейіп көрсеткен оқушыларды байқамадым. Балалар топ ішінде де бірлесе жұмыс жасауға едәуір төселіп қалған сыңайда. Әрине, бұл бағытта әлі де көп жұмыс сіңірудің қажеттілігі анық нәрсе, өйткені кейде балалар бір-бірінің үстінен шағым айтумен айналысуын қоймаған: «Апай, Әділетке айтыңызшы, қойсын деп!», «Апай, Бану жасамай отыр!», т.б.
Маржан апайға сабағы үшін рахметімді айта отырып, ол кісіге менің берген кері байланысымның аз да болса бір септігі мен көмегі тиіп қалады деген үміт білдіремін. 
Денсаулықты жақсартудың ең бір тиімді жолы: кішкентай балаларға қарап, жүрегіңді елжірету екен (М.Норбеков бойынша). Мен де бүгін Маржан апайдың сабағына қатысып, белсенді жұмысқа бейімделген, бірлесе жұмыс жасауға төселіп қалған кішкентай ғана сары, қара, қоңыр домалақтар мен томпайларды көріп, жүрегімді елжіретіп шықтым. 
Рахмет!!!