«Ұстаздықұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М.Әуезов айтқандай, бұған лайық болуүлкен абырой, басты борышым деп есептейтін «Зерде» дарынды балалар мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Исабаева Гүлсара Бекенқызы - нағыз тіл жанашыры.  Қазақ тілі, ұлт намысы, ел тағдыры дегенде, ішкен асын жерге қояр, әр іске жан-тәнімен кірісетін елгезек, бойында  тектіліктің лебі есіп тұратын парасатты, әр шәкіртінің бойына үкілі үміт оятқан шебер мұғалім.

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық – қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де – осы ұстаздық қасиет. Қазағымның, елім мен жерімнің және ана тілімнің мерейін өсіретін ұстаздық ұлағатты істе адал болуды бойтұмары еткен Гүлсара Бекенқызы мектеп қабырғасы қаланғалы мемлекеттік тіл бағдарламасының жүзеге асуын қолға алып, аса жауапкершілікпен атқарып келеді. Еліміздің дана да дара тұлғаларына арналған оқуларды ұйымдастыруда, «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әр шәкірттің бойындағы қабілетті ашуда еткен еңбегі орасан.  Абай, Мұқағали, Махамбет, Мағжан, Мәшһүр бабамыздың оқуларында облыстық, республикалық сайыстарда оқушылардың жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаз атануы – Гүлсара Бекенқызының шебер ұйымдастырушылығы мен тілге деген жанашырлығының айқын көрінісі.

Мұхтар Шаханов ағамыз: «Әр адамның өз анасынан басқа туған жер, туған тіл, туған дәстүр, туған тарих – деген төрт анасы болуы тиіс»  десе, осы төрт құбыласын тең ұстап жүрген Гүлсара Бекенқызының білім саласына берер өнегесі мен тәжірибесі, шәкірттерімен алар асулары әлі алда.

«Зерде» дарынды балалар мектебінің ұжымы